Қазба байлықтарды өндіру және шаруашылық қызметтің бірқатар басқа түрлері кезінде негізінен ауыл шаруашылығы жерлері алынады, пайдаланылады, ластанады және олардың өнімділігі төмендейді. Табиғатты пайдаланушылар осы үдерістердің теріс салдарларын азайту үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау, ландшафттарды сауықтыру және жер ресурстарын ұтымды пайдалану шараларын жүзеге асыруы тиіс. Осындай шаралардың аса маңыздысы бүлінген жерлерді қалпына келтіру.
Жерлерді қалпына келтіру – бүлінген жерлердің өнімділігі мен шаруашылықтық құндылығын қалпына келтіруге, қоршаған табиғи ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар кешені.
«Terra Exploration» ЖШС бүлінетін және бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобаларын дайындау бойынша барлық жұмыстарды жүргізеді.
Жұмыстарды бастардың алдында келесі құжаттарды дайындау:
- жерді қалпына келтіру жобасын дайындау бағдарламасы (тапсырыс беруші бекіткен, мердігермен келісілген);
- комиссия мүшелері (тапсырыс беруші, мердігер, ауданның жер қатынастары бөлімінің бастығы) қол қойған, бүлінген жерлерді зерттеу (жер телімдерін таңдау) акті;
- бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын дайындауға тапсырма (тапсырыс беруші бекіткен, мердігермен, ауданның жер қатынастары бөлімінің бастығымен келісілген).
Келесі зерттеу және жобалық жұмыстарды жүргізу:
- камералық және далалық дайындық;
- зерттеулер жүргізу;
- жобалау жұмыстары және құжаттарды дайындау.
Компанияның бүлінген жерлерді қалпына келтірудің техникалық та, биологиялық та кезеңдерін дайындауда мол тәжірибесі бар. Компания мамандары жобалық шешімдерді негіздеу үшін далалық жұмыстар, топырақтың физикалық-химиялық қасиеттерін және ластану көрсеткіштерін (ауыр металлдардың, мұнай өнімдерінің мөлшерін) анықтау үшін сынамалар алып, топырақтық-геоботаникалық зерттеулер жүргізеді.
Бүлінген жерлерді зерттеу 1:500-1:2000 масштабтарда жүргізіледі. Жер бетінің бүліну көрсеткіштері тахеометр және басқа да геодезиялық аспаптар пайдаланылып анықталады. Материалдарды камералық өңдеу барысында бүлінген аумақтардың аудандары нақтыланады. Топырақты зерттеу нәтижелерін өңдеудің, талдаудың және қорытудың, техногендік бүлінген жер телімдерін зерттеудің, фондық материалдарды талдаудың нәтижесінде бүлінген жерлерді қалпына келтірудің жұмыс жобасы дайындалады.
Карталар, сызбалар, жоспарлар ArcGIS бағдарламалық жасақтамасы, Spatial Analist және 3-D Analist модульдері пайдаланылып, векторлық форматта жасалады. Материалдарды тапсырыс берушінің қалауы бойынша кез-келген басқа форматта (MapInfo, AutoCad және т.б.) дайындауға болады. Компания жобаның қоршаған ортаны қорғау бөлімін толық көлемде дайындайды. Онда табиғатты қорғау және бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмыстарының қоршаған ортаға теріс әсерін азайту, қауіпсіздік техникасын сақтау шаралары көрсетіледі, ластағыш заттардың атмосфераға бөлінетін мөлшері есептеледі.
Далалық, камералық және зертханалық жұмыстардың барлық түрлері Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика Министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару комитетінің жүйесінде қолданыстағы нұсқауларға, әдістемелерге, мемлекеттік стандарттарға, сондай-ақ табиғатты қорғау заңнамасының және нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес орындалады.